Қазақстан аумағы бойынша пойыз рекордтық қысқа мерзімде – 90 сағатта жүріп өтеді
ТХКБ бағыты бойынша Қазақстан арқылы Қытайдан Түркияға шаттл-пойыздармен гуманитарлық жүктері бар 200 контейнер жеткізіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«ҚТЖ» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан аумағы бойынша пойыз рекордтық қысқа мерзімде – 90 сағатта жүріп өтеді.
Бірінші пойызда жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыруға арналған шатырлары бар 40 футтық 50 контейнер орналастырылған. Тағы 150 контейнер жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Шаттл-пойыздар операторы – «KTZ Express» АҚ.
Шаттл-сервистің пайда болуымен ҚХР-дан Грузия порттарына дейін жүктерді жеткізу мерзімі үш есе – 18 тәулікке дейін, Түркия порттарына 25 тәулікке дейін қысқарды.
Бұл тасымалдауды ТХКБ маршрутына қатысушы тараптар Түркияға гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде өтеусіз негізде жүзеге асырады.