Павлодар облысында туысына бармақ болған жігіт 6 жылға сотталды

Дәурен Ерболат

Ол компьютерлік клубта 6 литр сыра ішкен...

Фото: almaty.sud.kz

Павлодар облысында жүргізушіні қорқытып, көлігін тартып алған жас жігіт 6 жылға сотталды, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Былтыр қарашада таңғы сағат 04:00 шамасында Тереңкөл ауылының 20 жастағы тұрғыны Қамзин көшесіндегі компьютерлік клубта 6 литр сыра ішкен.

Клубтан шыққан соң аулада тұрған BMW 520 көлігінің жүргізушісінен Толстой көшесінде тұратын әпкесінің үйіне апаруды өтінген. Ол әпкесінен ақша алып, жол ақысын төлемек ниетте болған.

Тиісті жерге жеткен соң жүргізушіге жеке куәлігі мен ұялы телефонын кепілдік ретінде тастап кеткен. Алайда күдікті әпкесінің қай пәтерде тұратынын есіне түсіре алмаған.

Жас жігіт кіреберістен бір шөлмек сырамен шығады. Ол тұрғын үйдің 1-қабатынан ас үй пышағын тауып алып, көлікке отырады.

Күдікті көлік иесіне Павлодарское ауылында тұратын ағасына апаруды өтінген. Жол ақысын 7 мың теңгеге дейін көтерген. Алайда ауылға жақындағанда жүргізушінің кеудесіне пышақ кезеп, оны қорқытқан. Автомобильдің иесі қатты шошып, көліктен шығып кеткен. Жігіт осы сәтті пайдаланып, көлікті айдап кеткен. Содан кейін ол көлік апатына ұшыраған, - деп жазылған хабарламада.

Ауыл тұрғыны Қылмыстық кодекстің 200-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.