Бүгінде 97 колледж оқу-өндірістік шеберханаларда шығарылатын өз өндірісінің тауарларын сатып жатыр
Қазақстандық колледж студенттері оқу орнында өздері дайындаған өнімдерден табыс табады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде 446 мемлекеттік колледждің 97-сі оқу-өндірістік шеберханаларда шығарылатын өз өндірісінің тауарларын сатып жатыр. Олар – жиһаз, тігін және дәнекерлеу өндірісі, сонымен қатар басқа да авторлық өнімдер.
Мысалы, Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің базасында 10 құзырет орталығы табысты жұмыс істей бастады. Оларда әлеуметтік серіктестердің тапсырысы бойынша 243 қызмет түрінен өндірістік тапсырыстар дайындалады. Оның ішінде сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарында металды токарлық және фрезерлік өңдеу, тігін қызметтері, жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету жұмыстары, шанақты жөндеу, аула ойын алаңдары, саябақ дүкендері, жарықтандыру шамдары, урналар мен қоқыс контейнерлері кешенін дайындау бар. Колледж қаланың 45-тен аса ірі кәсіпорындарымен ынтымақтасады. Онда мыңнан аса студент жұмыс істейді. Олардың жалақысы – орта есеппен 50-ден 100 мың теңгеге дейін, – деді техникалық және кәсіптік білім департаменті басқармасының басшысы Алмас Жұмабеков.
Жалпы, бүгінде 2083 қазақстандық студент пен 439 педагог өз өндірісінің тауарларын сату есебінен ақы мен үстемақы алды.