Halyq Uni логотип
×

Сотта сайлау қорытындыларын жарамсыз деп тану туралы талап арыз қаралды

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен аталған әкімшілік талапты қанағаттандырудан бас тартылды

 Динара Амантай 11.04.2023 | 16:04
Сотта сайлау қорытындыларын жарамсыз деп тану туралы талап арыз қаралды
Фото: Halyq Uni

Қарағанды облыстық сотында сайлау қорытындыларын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қарағанды қалалық мәслихатының бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша депутаттыққа кандидаттар Қарағанды облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қалалық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларына талап қойып, дауыс беру нәтижелеріне, өткізілген кезектен тыс сайлаудың қорытындылары туралы хаттамаларға келіспей, сондай-ақ комиссиялардан сайлау қорытындыларының күшін жоюды және олардың пікірінше, дауыс беру және дауыстарды санау барысында жіберілген өрескел бұзушылықтарды көрсете отырып қайта дауыс беруді өткізуді міндеттеуді сұрады.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен аталған әкімшілік талапты қанағаттандырудан бас тартылды.

Бұл шешімге талапкерлер апелляциялық тәртіппен шағым келтірді.

Сотпен дауыстарды санауды әр кандидат үшін берілген сайлаушылар дауыстарының санына қарай жауапкерлермен белгіленгені анықталды. Бұл ретте, сот талапкерлер талап қоюды негіздеуге келтірген хаттамалардағы дәлсіздіктер сайлау қорытындыларына әсер етпегенін және соның салдарынан олардың құқықтарының бұзылуына әкеп соқпағанын атап өтті.

Жауапкерлердің қарсылығына талапкерлердің сенім білдірілген адамдарынан бұзушылықтар туралы актілер түспегені және олар белгіленген тәртіппен тіркелмегені көрсетілген.

Сайлау туралы заңның 43-бабының 7-1-тармағына сәйкес учаскелік сайлау комиссиясы осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген мерзімде бір рет қана жазбаша нысанда берілген сенім білдірілген адамның өтініші бойынша дауыстарды қайта санауға құқылы. Осы дау бойынша дауыстарды қайта санауды жүргізу мерзімі 12 сағаттан аспауы тиіс.

Округтік сайлау комиссиялары дауыстарды қайта санау туралы шешім қабылдаған жағдайда, оны өткізу жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесінің және талапкерлердің қатысуымен сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейін, дауыстар саналғаннан кейін және қорытындылар жарияланғанға дейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Осы жағдайда сайлау жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Белгіленген тәртіппен өтініш беру арқылы сайлауды жарамсыз деп тану тәртібіне талапкерлер тарапынан бастамашылық жасалмаған.

Осыған байланысты сот, даулы хаттамаларда көрсетілген талапкерлер көрсеткен сайлауды өткізу және дауыстарды санау тәртібін бұзу дауыс беру нәтижелеріне әсер еткен жоқ деген қорытындыға келді. Бірінші сатыдағы сот жеке ұйғарым шығару арқылы белгіленген процессуалдық бұзушылықтарға жауап берді.

Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісіп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, талапкерлердің шағымы қанағаттандырылған жоқ.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама