Halyq Uni логотип
×

АЭС-ті салу кезінде ресейлік компанияға басымдық берілмейді – министр

Бүгінде бірнеше шетелдік компаниядан өтінім түскен

 Дәурен Ерболат 11.04.2023 | 14:03
АЭС-ті салу кезінде ресейлік компанияға басымдық берілмейді – министр
Фото: atomic-energy.ru

Қазақстанда атом электр станциясын салу кезінде «Росатомға» басымдық берілмейді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, елімізде АЭС-ті салу керек.

Біз көміртегіні азайту, ұзақ уақыт бойы негізгі және сенімді электр энергиясын қамтамасыз ету үшін атом электр станциясын салу керек деп ойлаймын. Себебі, Қазақстан уран концентратын өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Бізде уран өнеркәсібі дамыған әрі соңғы өнімнің импорттаушысы болып саналамыз. Ашығын айтқанда, көмірді алмастыратын басқа жол жоқ, - деді министр Үкімет отырысынан соң.

Бүгінде министрлік елімізде атом электр станциясын салғысы келетін бірнеше шетелдік компаниядан өтінім түскенін жеткізді.

«Тізімде Францияның Electricity de France компаниясы және кореялық компания бар. Қытайлық және ресейлік серіктестердің ұсынысын атап өткен жөн.  

Бүгінде әлемде салынып жатқан блоктар мен тиімді станциялар саны бойынша көшбасшы – «Росатом».

Энергетикалық жабдықтар бойынша көшбасында француз компаниялары тұр. Сондай-ақ автоматика жүйесі, көмекші жабдықтар саласында француз, еуропалық, неміс, америкалық, кореялық  қытайлық компаниялары бәсекеге қабілетті», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының еншілес компаниясы бұл тізімді қараған.

Нәтижесінде тек бір жабдықты жеткізуші таңдалмайды деген кешенді шешім қабылданды: ең жақсы ядролық аралды, ең жақсы энергетикалық және желілік жабдықтарды таңдайтын боламыз. Қазір осындай станциялар Мысырда және Түркияда салынып жатыр. Олар өзінің тиімділігін дәлелдеген, - деді ол.

Алмасадам Сәтқалиев АЭС-ті салу барысында ресейлік компанияға басымдық берілмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, нысанды бірнеше ел бірігіп салуы мүмкін.

Әрине, біз құрылыстың геосаяси аспектісін ескеруіміз керек. Қазір конкурста кім жеңетінін айта алмаймыз. Әзірше, біз (жеңімпаз – автор) «Росатом» болады дей алмаймыз. Бұл комбинация болатын шығар, - деді  министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама