Halyq Uni логотип
×

Шымкенттегі қайғылы жағдай: тірі қалған 18 жастағы қыз көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы болған

Сол күні қыз ауызашарға қонаққа бара жатқан

 Халық үні 11.04.2023 | 00:43
Шымкенттегі қайғылы жағдай: тірі қалған 18 жастағы қыз көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы болған
ашық дереккөзден

Шымкентте жантүршігерлік жол апатынан аман қалған жалғыз адамның анасы қызының жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлады Tengrinews.kz

18 жастағы Дариға Сейдалиева - Шымкентте жаяу жүргіншілерді қағып кеткен жантүршігерлік жол апатынан аман қалған жалғыз адам. 8 сәуірде қайғылы оқиға салдарынан бес адам қаза тапты.

Мәдина Сейдалиеваның айтуынша, сол күні қызы ауызашарға қонаққа бара жатқан. Дариға жолдан өтпек болған, бірақ үлгермеген. Бағдаршамның жанындағы тротуарда автобус оны және қасында тұрған адамдарды таптап өткен.

Ол көп жарақат алған, ол қазір ауруханада жатыр. Дариға көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы.

«Қызым жұмыс істеп, ақша табады. Еміне кеткен шығынды енді кім өтейді, қалай күнімізді көреміз? Мен көпбалалы анамын, алты балам бар. Кішісі сегіз айлық. Менің бір бүйрегім жоқ, жұмыс істеуге жарамаймын. Енді жақын арада қызым жұмыс істей алмайды. Қанша уақыт емделетінін бір Құдай біледі. Бізге қазір көмек керек», - дейді зардап шеккен қыздың анасы.

Дариға Сейдалиеваның әлі де басы қатты ауырып, жүрегі айниды. Дәрігерлер оған әзірше операция қажет емес екенін айтты.

«Науқастың жағдайы орташа ауыр. Бас миының жабық жарақатын алып, ми шайқалып, екі қолы мен сол аяғы сынып, кеуде қуысының жұмсақ тіндерінің жарақаты диагнозымен нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Ем алып жатыр», - деді Шымкент клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Эльдар Смағұлов.

Сондай-ақ қаза тапқан үш әйелдің қайғылы оқиға болған жерге жақын маңда орналасқан сауда орталығында жұмыс істегені белгілі болды. Әріптестері олардың отбасыларына көмектесу үшін ақша жинап жатыр. Сауда орталығының қызметкерлерінің айтуынша, үшеуі де сол күні жұмыстан үйіне асыққан екен.

«Бірнеше жыл бірге жұмыс істедік. Қаза тапқан бір әйелдің жасы 43-те еді, бес баласы бар, үлкені енді ғана тұрмысқа шыққан, қалғаны мектеп оқушысы. Күйеуі жоқ, балаларын жалғыз өсірді, пәтерді жалдап тұратын.

Қайтыс болған екінші қыз 1994 жылы туған Азатхан тұрмыс құрмаған, мүгедек анасы қалды. Үшінші қыз Алина сол күні анасының орнына жұмысқа шыққан. Қаза болғандардың отбасына қолдау көрсетеміз деп шештік, ақша жинап жатырмыз, қазір 3 миллиондай жинадық. Ақшаны ең жақын туыстарына береміз», - деді зардап шеккендердің әріптесі Айдана Рахымбаева.

Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу жұмыстарын бастады. Оқиға орнында жұмыс істеген жедел-тергеу тобы жүргізушінің соңғы аялдамадан бұрылып, автобустан түсіп кеткенін анықтады. Ал осы кезде көлік өздігінен қозғалып, кейін жаяу жүргіншілерге соқтығысқан. Автобус жүргізушісі көлікті қол тежегішіне қоюды ұмытып кеткені белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама