Ол бас сүйек-ми жарақатын алған
Қызылорда облысы Қазалы ауданында спортшыны достары аяусыз соққыға жыққан. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 15 жастағы студент жедел жәрдеммен ауруханаға 6 сәуірде жеткізілген. Ол бас сүйек-ми жарақатын алған.
Бүгін блогер Үйтолған Жанерке ауруханада жатқан баланың видеосын Facebook-тағы парақшасында жариялады.
«Бала тірі, бірақ реанимацияда. Аяусыз тепкіден кейін аудандық ауруханаға түседі. Қуандық – спортшы, таэквондошы. Оның мына күйге түскенін естіген спортшы достары қарымта қайтарамыз деп даурығады. Сол шиеленісті болдырмау үшін, аймақ пен аймақты қырқыстырмау үшін ағасы Сағындық осы видеоны түсіріп, «Қуандықтың жағдайы жақсы» дегенді көрсету мақсатында чатқа салады. Мына жерде жігіт күшті дәрілердің күшімен ғана отыр. Ауырсынуды сезбеген. Кейін теміржол ауруханасына ауыстырылған соң жансақтау бөліміне түскен. Жағдайы ауыр. Тепкілеген балалар әлі қамауға алынған жоқ. Олардың ішінде отставкадағы орган қызметкерінің баласы бар», – деп жазды ол.
Бұған дейін Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайы ауыр екені хабарланды.