Еліміз құрама жалпыкомандалық есепте үшінші орынға шықты
Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен барлық салмақтағы чемпиондар мен жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін кілемге шыққан ұлттық құраманың бес балуаны кешкі сессияда медаль үшін таласты.
Онда грек-рим күресінен ұлттық құраманың қоржынына жалғыз алтын жүлдені Ибрагим Магомадов салды. Ол финалда Иран балуаны Саяд Әли Именталабфоманидің осал тұсын тапты.
Биыл Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында топ жарған Ибрагим Магомедов ширек финалда қырғызстандық Әділхан Нұрланбековті, сосын Әли Мұхамед Кадхимді жеңді. Былтырғы Азия чемпионатында бұл салмақта ел намысын Абылайхан Әмзеев қорғап, финалда ирандық балуанға жол берген еді.
Финалға қарсыласымды жан-жақты зерттеп барып шықтым. Белдесуге сақадай сай болдым. Жеңісімді барлық отандастарыма және отбасыма арнаймын. Биыл біз үшін жауапты жарыс көп. Өз басым күзде әлем чемпионатында күрескім келеді. Осылай алтын медаль алып, көк туымызды желбіретуді армандаушы едім. Менің құрметіме еліміздің әнұраны шырқалғанын қатты қаладым. Бүгін сол тілегенім орындалды, – деді Ибрагим Магомадовтың өзі.
Грек-рим күресінен 60 кг дейінгі салмақта сынға түсетін Ернұр Фидахметов Азия чемпионатының қола медалі үшін болған белдесуде қытайлық Ли Жу Чаоға есе жіберді. Шығыс Қазақстан облысының тумасы іріктеуде тайбэйлік Джуи Чи Хуанды және ирандық Мехди Сейфолла Мохсен Неджадты ұтқан. Бірақ жартылай финалда кореялық Ханджа Чунгтан ұтылып қалды.
Айта кетейік, Ернұр былтыр Моңғолияда өткен құрлық чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ал 2021 жылы Алматыда өткен чемпионатта отандасымыз Айдос Сұлтанғали осы салмақта топ жарған.
Тәжірибелі балуан Алмат Кебіспаев (67 кг) тәжікстандық Фирус Мирзораджабовты ұпай санымен ұтып, өз салмағында үшінші орыннан көрінді. Бұл – Алматтың Азия чемпионатындағы алтыншы жүлдесі (2 алтын, 3 күміс, 1 қола).
Қазақстандық балуан іріктеуде тайбэйлік Ху Юй Ченді, ширек финалда үндістандық Ашу Асхуды ұтқан. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Аброр Атабаевқа қауқар таныта алмады.
Моңғолиядағы былтырғы сары құрлық бәсекесінде бұл салмақта Мейіржан Шермахамбет жеңімпаз атанған.
Бүгін жанкүйерлер менен алтын медальді күткенін білемін. Үш дүркін Азия чемпионы атануға барымды салдым. Бірақ әлі толық бабыма келмегенімді байқадым. Өзбекстандық балуан, расында, менен мықты болды. Кездессек, есе қайтаруға барымды саламын, – деді Кебіспаев.
Алмат Кебіспаев – грек-рим күресінен ең олжалы қазақ балуанының бірі. Ол екі дүркін Азия чемпионы, тағы үш рет күміс медаль алған, әлем чемпионының бес дүркін жүлдегері.
Финалға шыққан тағы бір отандасымыз Диас Қален (82 кг) қырғызстандық Ақылбек Талантбековтен ұтылып қалды. Диас былтыр да Моңғолиядағы сары құрлық додасының финалына шығып, ирандық Расул Гармшириге есе жіберген.
Бәсекені ширек финалдан бастаған отандасымыз өзбекстандық Мухаммодкодир Расуловты, жапониялық Юя Маетаны сенімді жеңді.
Грек-рим күресінен 97 кг дейінгі салмақта өнер көрсететін Олжас Сырлыбай үндістандық Нариндер Чеманы ұтып, өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Олжас бүгін ширек финалда Ислам Ынтымақтастығы ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері қырғызстандық Узур Жүсіпбековтен ұтылып қалды. Десе де жұбаныш белдесуінде кореялық Сейеол Лидің алдын орап кетті.
Грек-рим күресінен жалпы есепте Иран құрамасы топ жарды. Олардың еншісінде 5 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль. Одан кейін 3 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен Қырғыз Республикасы тұр.
Серік Жұмашев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медальмен үшінші сатыға шықты.
Кеше Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) финалда Иран балуанына есе жіберсе, Аманғали Бекболатов, Мұхаммедәлі Мамырбек пен аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов қола жүлде иеленді.
Былтыр Моңғолия астанасы – Ұлан-Батыр қаласында өткен сары құрлық чемпионатында қазақстандықтар грек-рим күресінен 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медальмен жалпы есепте бірінші орын алған.
Енді ертең және арыгүні әйелдер күресі болады. Жалпы, бес күнге созылатын бәсекеге құрлықтағы 24 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Оның ішінде Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары бар. Азия чемпионатын Qazsport телеарнасы мен Халықаралық күрес федерациясының сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.