Олар түн болғанына қарамастан қатты сөйлеп, көршілердің мазасын алған
Екібастұзда қонақтар айыппұл төледі, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаладағы Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйден түнгі сағат 00:59-да полицияға шақыру түскен. Шағымданушы түн болғанына қарамастан көршілерінің пәтерінде қонақтар көп екенін айтқан. Олар баспалдаққа шығып, қатты сөйлеген.
Полиция тәртіп бұзушыларды жауапқа тартты. Әрбір азамат заңдарды сақтауға, сондай-ақ құқықтық тәртіпке бейжай қарамауға міндетті, – деді полицейлер.
Жыл басынан бері Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін 1 485 адам жауапқа тартылған.
Айта кетейік, жұмыс күндері кешкі сағат 22:00-ден таңғы сағат 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша 17 250 теңгеден 34 500 теңгеге дейін айыппұл (5 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін, 1 АЕК – 3 450 теңге) қарастырылған.