Halyq Uni логотип
×

Қаңтарда Орталық музей жәдігерлерін сақтап қалған маман жарты жылдан бері жұмыссыз жүр

Ол музейде 20 жылға жуық еңбек еткен

 Ая Өміртай 10.04.2023 | 12:58
Қаңтарда Орталық музей жәдігерлерін сақтап қалған маман жарты жылдан бері жұмыссыз жүр
Фото: Halyq Uni

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде музейдің құнды экспонаттарын сақтап қалуға себепші болған орталық қызметкері 5 айдан бері жұмыссыз жүр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болғанын айтқан Бибігүл Дандығараева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында мән-жайды түсіндіріп берді. 

«Осы музейде қарапайым ғылыми қызметкерден бастап директордың орынбасары болғанға дейінгі аралықта 20 жылға жуық жұмыс істедім. Музейге жаңа басшы келген соң кемшіліктердің барлығын маған жауып, қызметтестерімнің алдында шеттетті. Шыдамай кеткен соң, шығып кеттім. Қазір 5 айдан бері жұмыссыз отырмын. Мәдениет cаласында көп жыл еңбек еткен адамын, онымен ұрсысып жатпаймын ғой. Жаңа басшының мамандығы биолог, ол Атыраудағы өлкетану музейінен келіп отыр. Бұл – мегаполис, Қазақстандағы ең көне музей», – деп түсіндірді ол.

Ал «сізден басқа жұмыстан шыққан қызметкерлер бар ма?» деген сауалымызға ол былай деп жауап берді:

Жаңа директор келген соң екі орынбасар, бас есепші, баспасөз қызметінің хатшысы жұмыстан кетті. Қаңтар оқиғасында қорықпай шығып, өмірімді қия жаздадым. Музейге жиырма жыл өмірімді бердім. Музейде сақталып тұрған әр бір құндылық маған өте қымбат. Менің елімнің – тарихы, өзімнің – тарихым. Қымбат құндылықтарды қолыммен ұстап, көзіммен көргенім үлкен естелік болып қалды. 

Бибігүл Дандығараеваның айтуынша, осы оқиғадан соң күйзеліске түсіп, өз-өзіне келе алмаған. Тіптен жүріп-тұруға қаржысы да қалмағанын айтады.

Осы оқиғадан соң екі ай стресс алып, депрессияға түстім. Басымды көтергенім енді, мінекей. Қазір қыздарым қарайды. Есімді жиып, жұмыс іздеп жатырмын. Ешқайда шықпаймын. Жүруге де қаражатым жоқ. Жасым 54-ке келді. Маған ауыр болып тұр. Осыншама жыл жұмыс істеп, еңбек тәжірибемді ескермегені үшін өкпелімін, – дейді тәжірибелі маман. 

Айта кетелік, қаңтардың 5-і күні Алматыда жағдай шиеленісе бастағанда белгісіз біреулер музейдің орталық есігін бұзып кірген. Сол кездегі музей қызметкері Бибігүл Дандығараева олармен келіссөз жүргізіп, музей экспонаттарын аман алып қалған болатын. 

«Далада өрт болып жатты. Айдаладан оқ атылып, музейдің терезелері сынды. Жан-жағына қарасаңыз, осы маңдағы ғимараттардың бәрі өртенген, қираған, сол қирандылар арасында музей ғана бүлінбеген қалыпта тұр. Бүлікшілер неге тоқтады? Мүмкін мен әйел болғандығым үшін шығар, ер адам шығып сөйлесе жағдай басқаша болуы мүмкін еді. Ананы құрметтейтін халықпыз, осы жағдай да әсер еткен шығар», – деп еске алды Бибігүл Дандығараева.

Осы жағдайдан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бибігүл Дандығараеваны «Парасат» орденімен марапаттаған болатын.

«Оның ерлігі мен отансүйгіштігі арқасында қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезіндегі музейдің құнды экспонаттары сақталып қалды. Бұл – нағыз ерлік», – деп атап өтті Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама