«Астана-АЭК» пен «Астанаэнергосбыт» қызметі тексеріледі
Елордалықтардың қаражаты қайтарылып жатыр
Елордалық прокуратура тұтынушыларға электр энергиясының негізсіз жоғары шоттары үшін қаражаттарын қайтарып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін артық төлемдерді алу туралы жарияланымдар жиілеп кетті. Бұл мәселе қала прокуратурасында уәкілетті органдардың, әкімдіктің және қызмет көрсетушілердің («Астана-АЭК» АҚ және «Астанаэнергосбыт» ЖШС) қатысуымен талқыланды. Энергиямен жабдықтаушы ұйымнан деректерді қабылдап-жинақтаудың тиісінше ұйымдастырылмауына байланысты тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмегені анықталды. Көптеген астаналықтарға орташа тәуліктік көлемді есептеген. Осылайша, есептеу құралдарының көрсеткіштеріне сәйкес абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған. Салдарынан қала тұрғындарына үлкен мөлшерде есепшоттар келген.
Мән-жайды анықтау үшін азаматтар «Астана-АЭК» АҚ мен «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның «табалдырықтарын тоздыруға» мәжбүр болған. Шектелмеген адамдар тобы құқықтарының бұзылуын ескере отырып, қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді. Уәкілетті орган электр энергиясы үшін негізсіз есептеуге жол берген субъектілерге тексеру жүргізу туралы мәселені қарауы қажет. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды.
Қазір «Астана-АЭК» АҚ бірнеше он мыңдаған абоненттерге электр энергиясының көлемін қайта бөлді. Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасып жатыр және ол прокуратураның бақылауында.
Сондай-ақ прокуратура өкілдері электр энергиясы үшін артық төлемдер бөлігінде тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар мен ұйымдар табиғи монополияларды реттеу жөніндегі қалалық департаментке өздігінен жүгіне алатынын ескертті.