Атырауда бейбіт митинг өтті
Соңғы күндері тыныс алу мүмкін емес, ауадан күкіртті сутегінің иісі білінеді
Атырауда 9 сәуірде рұқсат етілген бейбіт митингке 500-ге жуық тұрғын жиналды. Өңірдегі шығарындылар мен нашар экологиядан шаршаған олар өз пікірлерін білдіруді жөн көрді.
500-ден астам тұрғынның басын қосқан «Біз таза ауа үшін» акциясын жергілікті журналистер ұйымдастырды. Шеруге шыққандар «Өкпемді ауыртпа!», «Атырау, дем ал!», «Экология пайдадан қымбат», «Бізді улауды доғар», «Зауыт, бізді тұншықтырма» деген плакаттарды ұстап тұр, деп хабарлайды Orda.kz.
«Біз шығарындылардан шаршадық. Соңғы күндері тыныс алу мүмкін емес, ауадан күкіртті сутегінің иісі білінеді. Қалай адамдарды осылай қорлауға болады? Біз де адамбыз, таза ауаға да құқығымыз бар», – дейді митинг ұйымдастырушыларының бірі Нұргүл Хайруллина.
Қалалық мәслихат депутаты Ілияс Қонысбайдың айтуынша, халық қалаулылары шеруге шыққандарды қолдап отыр.
«Біз де наразылық білдірушілерді қолдаймыз. Тұрғындар соңғы күндері ауаға шығарылатын газ бен түтіннен зардап шегуде. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік, әзірге нәтиже жоқ. Нақты себебін анықтау үшін бізге тәуелсіз экологтар мен технологтардан тұратын тәуелсіз комиссия керек. Түтін кесірінен шыққан өртті сөндіруге ТЖД-да қажетті құрал-жабдықтар болмағандықтан, балалар мектепке бара алмай қалды. Бұл қалай? Бізі әрине, мұнай астанасымыз!», – дейді Қонысбай.
Айта кетейік, бұл биліктің өткізуге рұқсат берген алғашқы митингілерінің бірі. Жиын бірқалыпты өтуде, тілек білдірушілерге өз ойын білдіру үшін микрофон берілді.
«Үкіметтің рұқсатымен қалалардың маңында ірі мұнай-химия зауыттары салынды. Неліктен? Тек экономикалық тиімділік үшін. Барлық қауіптер мен зардаптар есептелмеген. Енді соның кесірін жергілікті тұрғындар көріп отыр. Оларды көшіру, елді мекендерден алысырақ, кем дегенде 100 шақырым қашықтықта орналастырғанын қалаймыз. Бақытымызға орай, жеріміз жеткілікті. Сондай-ақ компаниялардың таза табысының 1 пайызын жергілікті халыққа беру өте әділетті болар еді. Бұл қаражат экологиялық және денсаулық сақтау саласындағы жобаларға бағытталуы керек» деген талап қойды жиынға қатысушылар.
Халық Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдайтын талаптары бар петицияға қол қоюда.