×

Ақтөбе облысының экс-әкімін қамауда ұстау мерзімі ұзарды

Ол мемлекетке 199,4 млн теңге залал келтірген

 Еркеғали Болатұлы 09.04.2023 | 16:28
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының экс-әкімі, «Ақтөбе ӘКК» бұрынғы төрағасы Ермек Имантаевты қамауда ұстау мерзімі ұзарды, деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Ермек Имантаев мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен биыл 10 ақпанда 8 сәуірге дейін 2 ай мерзімге қамауға алынған болатын. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, жер учаскелерін өз бағасынан төмен сатты деген айып тағылған. Салдарынан мемлекетке 199,4 млн теңге залал келтірілген.

Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Айта кетсек, Ермек Имантаев 2002-2004 жылдары Ақтөбе облысының әкімі болған. Одан кейін Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің, ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарды.

2010 жылдан бастап Астанада түрлі құрылымдарда еңбек етті. 2019 жылдың қараша айында ол Ақтөбеге қайта оралып, «Ақтөбе ӘКК» басшысы болып тағайындалды. Онда 2021 жылдың наурызына дейін қызмет атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама