Halyq Uni логотип
×

Жанар-жағармай тапшылығы болмайды: Шымкентте мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары аяқталды

Зауыт жұмысының тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болған

 Динара Амантай 08.04.2023 | 12:12
Жанар-жағармай тапшылығы болмайды: Шымкентте мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары аяқталды
Фото: Halyq Uni

Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Petrosun» АҚ, АЖҚС ірі желілері («Helios», «Газпромнефть-Қазақстан», «PetroRetail» және «Sinooil») өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармай материалдарымен іркіліссіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысы бойынша дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. АЖҚС желілерінің өкілдері атап өткендей, оларда бар дизель отынының қоры халықты іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сонымен қатар АЖҚС желілерінің ақпараты бойынша дизель отынына сұраныстың артуы байқалады (30%-дан астам), соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылып жатыр. Шымкент МӨЗ жөндеуге тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болды.

Сондықтан желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Атырау МӨЗ және Павлодар МГХЗ-дан 5000 тонна отын жолда бара жатыр. ҚТЖ ЖЖМ-ды уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Бұған қоса 7 сәуірде мұнай өнімдерін өндіру басталған Шымкент МӨЗ-де жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталғаны белгілі болды. Өнімнің бірінші партиясы демалыс күндері жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінетін болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда дизель отынын сатуға шектеу қойылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама