×

Жаңаөзенде тұрғындар жаппай наразылыққа шықты

Қазір баланың жырылған жерлері тігілген, жағдайы орташа

 Халық үні 08.04.2023 | 07:31
фото: видеодан скриншот

Жаңаөзенде төрт жасар баланы ит талап тастады. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында. Осы жағдайдан кейін қала тұрғындары жаппай наразылыққа шықты, деп хабарлайды «КТК» телеарнасы. 

«КТК» телеарнасының хабарлауынша, Рахат ауылының тұрғыны Хамза Ибрахим қазір облыстық ауруханада жатыр. Иесіз ит оның бетін жарақаттап, денесін тістеген. Дәрігерлердің сөзінше, қазір баланың жырылған жерлері тігілген, жағдайы орташа.

Баланың жағдайы жарақатына байланысты орташа ауыр. Оң жақ көз айналысында, оң жақ бет ауыз айналысында тігілген жаралары бар. Алғашқы көмек Жаңаөзенде көрсетілген. Негізгі емдеуі сметавакцина салынып, сосын бет, қол, аяқ саусақтары жарақаттанған кезде, ит тістеген сәтте иммуноглобулин салынады, - деді Маңғыстау облысы балалар ауруханасының дәрігері Манасбай Иниятов.

Итке таланған бала ауруханада әлі бір апта жатады. Одан кейін амбулаторлық емдеуге жіберіледі.

Осыған дейін Жаңаөзенде тағы бір ересек тұрғынды көшеде ит талап, басын тістелеп тастаған. Қазір ол да ауруханада емделіп жатыр. Қала тұрғындары осындай жағдайлардың жиілеуіне қала тұрғындары алаңдап отыр. Олар иесіз иттердің көзін құртуды талап етіп, әкімдікке жиналды.

Жаңаөзендіктер «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның күшін жоюды талап етіп отыр. Өйткені соның кесірінен қалада иесіз иттер қаптап кеткен көрінеді. Соның салдарынан ата-аналар «Баламызды мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз» дейді.

Былтыр Жаңаөзенде 210 адамды ит талаған. Ал жыл басынан бері 64 тұрғынды қапқан.

2022 жылдың қортындысы бойынша 1 115 ит ауланса, бүгінде 1 181 ит ауладық. Бұл шараның барлығы жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр, яғни адамның қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда ғана тұрғындардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Панажай мәселесі бойынша 2022 жылы Жаңаөзен кәсіпкеріне бір гектар жер бөлдік, - деді Жаңаөзен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Расул Әбішев.

Жаңаөзенде иесіз ит-мысыққа арналған орынның құрылысы енді басталған. Оны кәсіпкер өз қаржысына салады. Нысан жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама