Түс ауа қыздың өлімі туралы алып қашпа әңгімелер тарады
Әлеуметтік желілерде қаладағы сауда орталықтарының бірінде қатарластарынан таяқ жеген қыздың суицидке барғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Stan.kz тілшісі полиция қызметкерлерінен ресми мәлімет алды.
Түс ауа қыздың өлімі туралы алып қашпа әңгімелер тарады. Қала тұрғындарының кейбірі мұны рас көріп, Instagram желісінде көңіл айтуға дейін барған. Тіпті кейбір ақпараттарда тепкінің астында қалған қыздың қалалық білім бөлімі қызметкерінің баласы екендігі де жазылды.
Дегенмен жарияланған ақпаратқа қатысты пікір білдірген облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Қаракөз Әбенова бұл факт шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды.
«Сонымен қатар полиция департаменті әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді», – деді ол.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын қаладағы сауда орталықтарының бірінде әжетханада әлімжеттік көрген қыздың бейнежазбасы тараған болатын. Кейін қалалық білім бөліміндегілер оқиғаны растап, ұрып-соғуды ұйымдастырғандардың кім екені анықталғанын мәлімдеді.