Астанада Азия чемпионы атанған балуандар қомақты ақша алады
Жаттықтырушыларға да сыйақы беріледі
9 – 14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін XXXVI Азия чемпионаты болады. Оған құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатысады. Олардың арасында Олимпиялық ойындардың 7 жүлдегері, 5 әлем чемпионы болады.
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенованың айтуынша, бұл күрес додасы Олимпиадаға лицензиялық турнир емес. Ол Азия ойындары мен әлем чемпионатының алдындағы негізгі жарыстардың бірі болып есептеледі.
Бұл жарысқа елімізідң құрама командасы күрестің үш түрінен қатысады. Барлығы 30 балуан кілемге шығады. Олардың орта жасы грек-рим күресінен – 29 жас, әйелдер күресінен – 25 жас және еркін күрестен – 24 жас болып келеді, – деді министрліктің өкілі.
Сондай-ақ, ол чемпионат жүлдегерлеріне берілетін ақшалай сыйлықтың көлемін айтты.
Оның айтуынша, Азия чемпионы атанған балуандарға 2 300 доллар, екінші орын алғандарға 1 400 доллар және үшінші орын алған спортшыға 900 доллар сыйақы қарастырылған. Осындай сыйақы жаттықтырушыларға да беріледі. Сонымен қатар, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атақ қарастырылған.