Алматы әуежайының объектілері мемлекет меншігіне қайтарылды
Прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылған
Көлік прокуратурасымен мемлекет меншігіне Алматы әуежайының объектілері қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы заңсыз шығарылған мемлекеттік активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде Алматы халықаралық әуежай жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын жеке тұлғалардың пайдасына заңсыз иеліктен шығарғанын анықтады.
Мәселен, 2003 жылы «Имсталькон» АҚ Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша жаңа жолаушылар терминалын салды. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңартылған терминалдың сауда алаңдарының бір бөлігі мердігерге шарт бойынша 333 млн теңге мөлшерінде қалған соманы өтеу есебіне өтті.
Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудиттің нәтижесі бойынша құрылыс салушы алдында қандай да бір берешек болмағаны белгілі болды.
Әкімдікке осы объектілерге меншік құқығын қайтару үшін авиациялық көлік прокуратурасы Түрксіб аудандық сотына жауапкер А. Бақтиярқызына жалпы ауданы 1 118,5 шаршы метр жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын иеліктен шығаруға байланысты барлық мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді.
Соттың 2022 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Сот актісі биыл 13 наурызда күшіне енген.
Бүгінде соттың шешімін орындау аясында меншік құқығын Алматы қаласы әкімдігіне тіркеу «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ бойынша, ал әділет департаментімен объектілерді мемлекет пайдасына тікелей беру жұмыстары басталды.