Мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда құжаттарды келісу барысына онлайн мониторинг енгізіледі
Республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер комиссиясының институты алынып тасталады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 5 сәуірде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.
Қабылданған Заң Ауыл шаруашылығы министрлігімен жер учаскелерін жедел және ашық беру мақсатында әзірленді. Құжатта республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде электрондық форматта жер учаскелерін беру рәсімін оңайлату көзделген. Бұл жер учаскелеріне құқықтарды берудің қолданыстағы мерзімдерін 30 жұмыс күніне дейін өзгертуге мүмкіндік береді.
Нақты айтқанда, аталған қалаларда жер комиссиясының институты алынып тасталады. Сонымен бірге бірқатар құжаттар (жер комиссиясының хаттамалық шешімі, жерге орналастыру жобасы) қысқартылады.
Кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің жерлері үшін техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер толық цифрланғанға дейін Жер заңнамасымен регламенттелген жер учаскелерін берудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
Заңмен мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда құжаттарды келісу барысына онлайн мониторинг енгізіледі. Сондай-ақ жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын тіркеу бойынша композиттік қызмет енгізіледі.
Жер учаскелерін электрондық беру рәсімі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің «Жария кадастрлық картасында» жер учаскесін таңдау арқылы жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарында (өңірлік геоақпараттық жүйелерде) іске асырылатын болады.
Жария кадастрлық карта Қазақстанның жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларының мәліметтерін және мемлекеттік органдардың өзге де мәліметтерін көрсететін болады.
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажеттілігіне байланысты биыл 1 шілдеден бастап заңды іске асыруды кейінге қалдыру көзделіп отыр.