Компания Астана мен Алматыда 2 академия ашуды жоспарлап отыр
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен GE Healthcare-дің Ресей және ТМД-дағы бас директоры Елена Легезинамен кездесіп, компанияның Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларын талқылады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайылов бүгінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі бағдарламалық құжат жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Дені сау ұлт» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында 32 аудандық аурухананы қайта жабдықтау және 655 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған.
2025 жылға қарай отандық фармацевтикалық өндірістің, оның ішінде жоғары сұранысқа ие медициналық техникалар өндірісінің үлесін 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. GE Healthcare компаниясының әлемдегі жетекші медициналық жабдықтар өндірушілерінің бірі ретіндегі жоғары беделін ескеріп, біз жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолдаймыз және серіктестікті тереңдетуге мүдделіміз, - деді премьер-министр.
Елена Легезина республикада компания қызметін дамыту үшін үлкен әлеует барын жеткізді. Бұл ретте Қазақстанда УДЗ аппараттары мен компьютерлік томографтар өндірісін локациялау жобасы пысықталып жатыр.
Біз Қазақстанға тек жоғары технологиялық жабдықтарды ғана емес, сонымен қатар онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу тәсілдері мен тұжырымдамаларын ұсына аламыз. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан 2 академия ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнда қазақстандық мамандар құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, емдеудің жаңа әдістерін де меңгере алады, - деді Елена Легезина.
Сондай-ақ GE Healthcare компаниясы отандық денсаулық сақтау саласын цифрландыруға жәрдемдесуді және медициналық техника сервисін дамытуды жоспарлап отырғаны атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орта мерзімді кезеңге арналған өзара іс-қимыл жоспарларын нақтылауға және бекітуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді пысықтауға келісті.