Олар жұмысынан босату төрт кезең бойынша жүзеге асырылады
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сәлімжан Нақпаев Теңіз кенішінде жаппай жұмыстан босатылатындарға қатысты мәселе көтеріп, вице-премьер Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.
Еске салып өтейік, 2021 жылдың желтоқсанында «Болашақ кеңею жобасының» аяқталуына байланысты Теңіз кенішінен 2022 жылдың соңына дейін қазақстандық жұмысшылардың жаппай жұмыстан босатылатыны хабарланған болатын.
«Маған жақында ТШО қызметкерлері шықты. ТШО компаниясының болжамы бойынша Теңіз кенішінде 2022 жылы 39 500 адам қысқартылады. Оның 2400-і шетелдік кадрлар, 37 100-і қазақстандық кадрлар. Бұл елдің барлық өңіріндегі еңбек нарығына әсер етеді. Осыған байланысты сұрағым: қазір өз өңірлеріне оралған қызметкерлерге жағдай қарастырылған ба? Жұмыспен қамтамасыз ету кезінде басымдық біздің қызметкерлерге беріле ме, жоқ әлде шетелден келген қонақтарға беріле ме?», – деді депутаттық сауалында Сәлімжан Нақпаев.
ҚР премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл сұраққа ТШО бастығы Кевин Лайонмен кездесуде Энергетика министрлігімен және Еңбек мининстрлігімен ТШО арасында меморандум жасалғанын айтты. Сол меморандумға сәйкес, 39 мың адамның бәрі бірден жұмыссыз қалмайды. Жұмысшылар төрт кезең бойынша босатылады: бірінші кезеңде - 2,7 мың жұмысшы, екінші кезеңде – 9 мың, үшінші кезеңде – 11 мың, төртінші кезеңде - 13 мың жұмысшы.
«Шетелдіктер еліне қайтады. Өзіңіз білесіз, ТШО жобасының аяқталуына байланысты 17 500 жұмыскерді NCOC-ның бірнеше жобасына тартып жатырмыз. Екіншіден, Атырау халқының 40 пайызы жұмыс істейді. Қалғандары еліміздің бес өңірінен. Сол өңірлермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Оларды қайта даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Жұмыс жүйелі түрде жасалып жатыр», - Тоғжанов.