Алматы облысында ауруханаға баса-көктеп кірген 4 адам қамауға алынды

Халық үні

Жанжал екі ер адамның бір-біріне дұрыс амандаспауынан басталған.

Фото: 24.kz

Алматы облысында ауруханаға баса-көктеп кірген 4 адам 15 күнге қамауға алынды.

Оқиға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылындағы ауруханада болған. Пышақталған жәбірленушіні әлдекімдер іздеп келіп, мекемеге баса-көктеп кіреді. Ауруханаға жүгіріп кірген төрт адам медицина қызметкерлерінің зәресін ұшырады. Бұл сәт мекемедегі бейнебақылау камерасына түскен.

Полицияның ақпаратына сәйкес, бұған дейін 36 жастағы ер адам пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Ол өзінің ауылдасымен сөзге келіп қалып, кикілжің соңы қылмыспен аяқталған.

Қазір пышақ сұққан күдіктінің үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал ауруханаға жәбірленушінің артынан іздеп келгендердің барлығы анықталды. Олар медициналық мекемеге баса-көктеп кіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 күнге қамалды.

«1990, 1994, 1996 және 1997 жылғы төрт адамның заңсыз әрекеті видеоға түскен. Осы адамдар мен қылмыстың негізгі фигуранты ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ернар Сайділдин.

Қолдағы ақпарат бойынша, жанжал екі ер адамның бір-біріне дұрыс амандаспауынан басталған.