Экс-министр 2022 жылдың мамырында қамауға алынды
Арыстанбек Мұхамедиұлы мен өзге де тұлғаларға қатысты іс Астана қаласының Байқоңыр аудандық сотына түсті.
«Байқоңыр аудандық №2 соты бюджет қаражатын талан-таражға салу айыбы тағылған А. Мұхамедиұлы, А. Нұразхан, А. Көшенов және А. Садуақасованы айыптау бойынша қылмыстық істі өндіріске алды. Аталған қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы ашық сот отырысында 2023 жылғы 17 сәуір күні сағат 10:00-ге белгіленген», - делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды. Оған дейін бес жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.