×

Елімізде футбол менеджменті бойынша білім беру бағдарламасы ашылды

Жобаның негізі мақсаты – футбол индустриясында менеджменттің біліктілігін арттыру

 Дастан Жұмабекұлы 06.04.2023 | 17:50
фото: Қазақстан футбол федерациясы

Алматы қаласында Қазақстан футбол федерациясы мен Almaty Management University арасындағы меморандум аясында білім беру бағдарламасын іске қосуға байланысты ресми іс-шара өтті. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

Жобаның негізі мақсаты – футбол индустриясында менеджменттің біліктілігі мен компетенциясын арттыру.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, УЕФА ұлттық қауымдастықтарды стратегиялық дамыту департаментінің директоры Илья Китич және AlmaU университетінің ректоры Гүлнар Күреңкеева сөз сөйледі.

Қазақстан футбол федерациясы УЕФА қолдауымен, AlmaU университетімен бірлесіп, білім беру бағдарламаларын іске қосады. Жыл сайын мыңнан аса маманды даярлау қажет. Қазір біздің стратегиямызды жүзеге асыратын мамандардың 30 пайызы ғана бар. Жаңа мамандарды дайындау мен коммуникация жүйесін орнатуға баса назар аударамыз. Қысқа мерзім ішінде жобаны жүзеге асыру керек. Біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын, – деп атап өтті ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

«Футболды ұйымдастыруды басқару» тақырыбына арналған алғашқы білім беру бағдарламасы 27-29 наурыз аралығында өтті. «Қайрат» футбол клубының Т.С. Сегізбаев атындағы жасөспірімдер академиясында ұйымдастырылған білім беру курсына отандық футбол клубтардың жетекшілері қатысты.

Интенсив бағдарламасында дәріс беру үшін AlmaU университетінің тәжірибелі ұстаздары шақырылды. Олар – Владимир Мацов, Екатерина Милютина және Расима Баязитова. Сонымен қатар үш күндік сабаққа британиялық Ковентри университетінің профессоры Майкл Анагносту арнайы келіп қатысты.

Курс аяқталған соң қатысушыларға ҚФФ және AlmaU-дың сертификаттары мен арнайы белгілері берілді.

Білім беру курсынан Эрнис Есмағамбетов, Жандос Ахметов, Арслан Беспаев, Любовь Крайнова, Игорь Павлюк, Юрий Бондаренко, Ғалымжан Каниев, Ахмад Амиров, Асылбек Шауалиев, Федор Симиниди, Мақсат Байжанов, Серікбай Өтегенов, Әлібек Нұртаев, Садық Мұстафа, Жәнібек Орымбаев, Владислав Казанков, Азамат Әшімов, Бауыржан Әбдубайытов, Мэлс Қарамысов, Манарбек Ержанов, Оралбай Жақсымбетов есімді азаматтар өтті.

Келесі білім беру курсы сәуір айының соңында онлайн форматта өтеді. Бұл бағдарлама футболға қызығушылық танытқан және  футбол индустриясын дамытуға ниет білдірген азаматтарға арналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама