Президент дәстүрлі исламды дәріптеудің маңыздылығын айтты
Діни басқарма осы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады
Мемлекет басшысы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Рамазан айына орай еліміздің барша мұсылмандарына ізгі тілегін жолдады. Мемлекет басшысына Рамазан айында еліміздің әрбір аймағында ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шаралар жөнінде мәлімет берілді.
Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғамда дәстүрлі ислам дінін кеңінен дәріптеу және ел игілігі мен бірлігі жолында атқарып жатқан жұмыстарды баяндады. Бас мүфтидің айтуынша, діни басқарма осы жылды «Ислам және ізгі қоғам жылы» деп жариялады. Оның аясында жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ ұлттық салт-сананы жаңғырту, дәстүрлі исламға басымдық беру үшін алдағы уақытта бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Мемлекет басшысы мүфтияттың бастамаларына қолдау білдіріп, халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу маңызды екенін айтты.