Акциясы аясында 10 мыңнан аса жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр
Астанада 8 сәуірден 6 мамырға дейін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Жасыл Астана» көктемгі экологиялық айлығы өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ал тұрғындардың, бизнес өкілдерінің, мемлекеттік және басқа да органдардың қатысуымен жаппай жалпықалалық сенбіліктер 15 сәуір мен 6 мамыр аралығында өтеді.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, экологиялық айлық аясында қаланы, нөсер және кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарлар мен кварталішілік аумақтарды тазалау, саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар алаңдарын орнату жөніндегі іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен ластанған учаскелерді жою жұмысы жүргізіледі.
Сонымен қатар, «Жасыл Астана» акциясы аясында 10 мыңнан аса жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.