Рыбакина Астанадағы турнирге қатысады
Билли Джин Кинг Кубогында Қазақстан мен Польша кездеседі
Қазақстанның бірінші және әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина 14-15 сәуірде теннистен Астанада өтетін Билли Джин Кинг Кубогы (Billie Jean King Cup) үшін іріктеу кезеңіне қатысатын ұлттық құраманың сапында Польша командасының теннисшілерімен кездеседі.
Бұл кездесуде Рыбакинамен бірге Юлия Путинцева, Анна Данилина, Гөзал Айнитдинова мен Жанель Рүстемова күш сынасады. Қосалқы құрамда Аружан Сағындықова болады.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Билли Джин Кинг Кубогы – ұлттық құрама тұрақты түрде қатысатын әйелдер арасындағы ең ірі халықаралық командалық теннис жарысы.
Бұл турнирді Халықаралық теннис федерациясы ұйымдастырады. 1963-2020 жылдары турнир Федерация кубогы деп аталды, 2020 жылдың қыркүйегінде ол америкалық теннисші Билли Жан Кингтің құрметіне өзгертілді. Әлемде осы сияқты ерлер арасындағы турнир Дэвис Кубогы деп аталады. Турнир өткізу идеясы 1919 жылы Хазел Хотчкисс-Уайтман ханым әйелдер командалық жарысының тұжырымдамасын ұсынған кезде пайда болған. Бірақ ұсыныс қолдау таппады. Содан кейін спортшы 1923 жылы сол кездегі әлемдік теннисте мықты командалар болған АҚШ пен Ұлыбритания құрамаларының жыл сайынғы кездесуінің жеңімпазына сыйлық беріп отырды. Ол турнир Уайтман кубогы деп аталды, – делінген материалда.
Ал 60-жылдардың басында әйелдер арасында жарыс өткізу идеясын аты аңызға айналған австралиялық теннисші, Дэвис кубогы командасының капитаны Гарри Хопманның әйелі Нелл Хопман қолдады. Сөйтіп, турнир алғаш рет 1963 жылы Лондондағы Queen's клубында Халықаралық теннис федерациясының 50 жылдығына орай өткізілді. Оған АҚШ пен Ұлыбритания ғана емес, кез келген елдің командалары қатыса алатын болды. Көпшілік асыға күткен турнир өте сәтті өтті. Сол кездегі жарысқа 16 команда қатысты. Оған бүкіл әлемдік теннис элитасы қатысты десе болады. АҚШ құрамасы алғашқы турнирде жеңіске жетті.