Halyq Uni логотип
×

Бас көлік прокуратурасы Қытаймен шекара маңындағы дүрбелеңнің себебін түсіндірді

«E-border» бойынша тізімді пайдалануды 16 сәуірде тоқтату туралы шешім қабылданды

 Динара Амантай 06.04.2023 | 10:27
Бас көлік прокуратурасы Қытаймен шекара маңындағы дүрбелеңнің себебін түсіндірді
Фото: Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі

Шекара маңындағы дүрбелең «E-border» бағдарламасы жұмыс алгоритмінің жеткіліксіздігінен болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жүк тасымалдаушылар ҚХР-мен шекарадағы «Нұр Жолы» кеден бекетінде электрондық кезекті ұзақ күтуге, сондай-ақ олардың қызметіне байланысты басқа да мәселелерге наразылықтарын білдірген болатын.

Мәселені шешу мақсатында Бас көлік прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Оның құрамына Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің және «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері кірді.

24-31 наурыз аралығында Ведомствоаралық жұмыс тобы «Нұр Жолы» өткізу пунктіне барып, жүк тасымалдаушылармен, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өкілдерімен кездесулер өткізген болатын. Проблемалық мәселелердің туындау себептері анықталып, адал жүк тасымалдаушылардың құқықтарын қорғауға және электрондық кезек процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданды.

Анықталғандай, шекара маңындағы дүрбелең «E-border» бағдарламасы жұмыс алгоритмінің жеткіліксіздігінен болған. Бағдарлама жеңіл және ауыл шаруашылығы автокөліктерінің, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін ҚХР-ға шығуға иелерінің мақсаты болмаған автобустардың тіркеу деректерін пайдалану арқылы кезек орындарын «броньдауға» мүмкіндік берді.

Мөлшерлемесі 40 мың АҚШ долларына дейін жеткен жүк тасымалдау бойынша «көлеңкелі қызмет көрсету нарығының» белсенділігімен бұл жағдай күрделене түсті.

Жұмыс тобының ұсынысымен кезектен 2 мыңға жуық автокөлік алынып тасталды. Оның ішінде жеңіл, сондай-ақ бұрын есептен алынған немесе есепте тұрмағандары бар. «E-border» бойынша тізімді пайдалануды 16 сәуірде тоқтату туралы шешім қабылданды.

«CarGoRuqsat» жаңа электрондық кезек жүйесінде бұл олқылықтар ішкі істер органдарының дерекқорларымен интеграциялау арқылы ескерілді. Бұл кезектілікпен байланысты алыпсатарлық жасау мүмкіндігін жояды.

Сондай-ақ өткізу пунктінің аумағында қалдырып кеткен 80-ге жуық ауыр жүк көліктері болды. Олардың жүргізушілері тасымалдау қызметтерінің құнын жасанды түрде қымбаттату үшін қасақана ұзақ уақыт бойы ҚХР-ға шығуды кешіктірген.

Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында Технологиялық схемаға түзетулер жобасы дайындалды. Оған сәйкес жүк тасымалдаушылар бұдан былай өткізу пунктінің аумағында 72 сағаттан артық болмауға тиіс.

Сонымен қатар, ҚХР-ға виза алудың қиындығына қатысты шағымдар болды. Жүргізушілердің көпшілігінде виза жоқ және тиісті визасы бар басқа жүргізушілермен белгіленген қаражатқа келісуге мәжбүр болып отыр.

Бас көлік прокуратурасы Сыртқы істер министрлігіне виза алу тәртібі мен шарттарын кеңінен жариялауды, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы мәселе бойынша жүк тасымалдаушылармен көшпелі кездесулер өткізуді ұсынды.

Одан бөлек, жүктерді тасымалдауға халықаралық рұқсат алуда қиындықтар болған. Бас көлік прокуратурасының бастамасымен рұқсатты тікелей өткізу пунктінде беруді, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін артық талаптарды алып тастауды көздейтін ИИДМ мен МКК бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Аталған өткізу пунктіндегі ахуалды мониторингілеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама