Экс-президентке 34 бап бойынша айып тағылып отыр
АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп 136 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
FoxNews арнасының хабарлауынша, айыптаулар ең көп дегенде 136 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қамтиды. Дегенмен ол кез келген немесе барлық айыптар бойынша кінәсін мойындаса, нақты жаза әлдеқайда аз болуы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президентіне бизнес құжаттарын бұрмалау және қылмыстық сөз байласу бойынша 34 бап бойынша айып тағылған болатын. Сонымен бірге Дональд Трамп АҚШ соты ресми түрде қылмыстық іс қозғаған Құрама Штаттар тарихындағы алғашқы экс-президент атанды.
Дональд Трампқа тағылған негізгі айып 2016 жылғы президенттік науқанға бөлінген қаражатты жымқырғанына байланысты болып отыр. Тергеу мәліметтері бойынша ол порноактриса Сторми Дэниэлске романтикалық қарым-қатынасы туралы үндемеу үшін науқан қорынан 130 мың доллар төлеген.
Трамп пен оның адвокаттары барлық айыптауларды жоққа шығарып жатыр.