×

Қылмыстық іс қозғалды: Күдебаевтың шекараны заңсыз кесіп өткен жері анықталады

ҚР ҰҚК Қырғызстанның шекара қызметіне сауал жолдады

 Дәурен Ерболат 05.04.2023 | 11:26
Серік Күдебаев, фото: Талдықорғандағы сот отырысынан

Серік Күдебаев Қазақстан шекарасынан ресми пунктер арқылы өтпеген. Ол Қырғызстан арқылы үшінші елге кетті деген ақпарат бойынша ҰҚК Шекара қызметі қызметтік тексерісті бастады. Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов мәлімдеді.

Шекара қызметінің директоры бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Шын мәнінде Серік Күдебаев мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпеген. Біз оның Қырғызстанға және үшінші елдерге кетуі мүмкін деген ақпаратты тексереміз. Осыған байланысты ҰҚК Шекара қызметі қызметтік тексерісті бастады әрі шекараны заңсыз кесіп өткен жері анықталады…

Біз Қырғызстанның шекара қызметіне сауал жібердік. Жауабын күтіп отырмыз, - деді Ерлан Алдажұманов.

Оның айтуынша, ҰҚК Шекара қызметі 27 наурызда Серік Күдебаевтың Қазақстаннан кеткенін білген. Бүгінде оны Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 300 қызметкері іздеп жатыр.

Еске салайық, 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор Серік Күдебаевтың қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.

Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды.

Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қаңтар оқиғасына қатысты істі болған Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кетуіне «Ескі Қазақстанның» мемлекетке қарсы заговоры!» деп баға берді.

Мұндай «тұтқиыл қашуды» ІІМ, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл эксцесс жіті тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылып, Серік Күдебаев Қазақстанға экстрадиция жасалуға тиіс. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының бақылауында болады, - деп жазды депутат.

Қазақстанның Шекара қызметі Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама