Әлеуметтік желіде қыз болып танысып, 3 млн теңге алған: Қостанайда ер адам ұсталды
Жәбірленуші жалған қызға шамамен 5 ай көлемінде ақша аударып отырған
Қостанай полицейлері әлеуметтік желілерде өзін қыз ретінде таныстырып, ақша сұрап келген алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
3 сәуірде Қостанай қаласында облыстық Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Қостанай облысының 27 жастағы тумасын ұстады.
Мәлім болғандай, ер адам әлеуметтік желілерде қыз ретінде тіркеліп, танысынан ара-тұра емге ақша сұрап отырған.
«Күдікті қыздың атынан жалған парақша ашып, әлеуметтік желілер арқылы алдау және сенімді асыра пайдалану арқылы емделу сылтауымен шамамен 3 млн теңгені иемденген. Жәбірленуші жалған қызға шамамен 5 ай көлемінде ақша аударып отырған. Полицейлер заттай дәлелдемелерді – банк карталарын, SIM-карталарды және ұялы телефонды тәркіледі», – деді Қостанай облысы ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Олжас Мағыпаров.
Сотқа дейінгі тергеу басталды.