Halyq Uni логотип
×

Көлік салығын төлемегендерге ескерту жасалды

Берешек мамырдың соңына дейін төленуге тиіс

 Дәурен Ерболат 04.04.2023 | 15:50
Көлік салығын төлемегендерге ескерту жасалды
Фото: golos-naroda.kz

Қазақстанда көлік салығын уақытында төлемеген жүргізушілерге өсімпұл есептеу басталады, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

2022 жылғы көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталғанына байланысты биыл 4 сәуірден бастап салықты уақытында төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарлама жіберілді.

1 АЕК (3 450 теңге) мөлшерінен артық төленбеген салық берешегі бойынша хабарлама табыс етілген күннен бастап, 30 жұмыс күні өткен соң салық бұйрығы шығарылып, 5 жұмыс күнінен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі. Одан басқа, 4 сәуірден бастап салықты төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күн үшін Ұлттық банктің мерзімі өткен әрбір күнге базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі, - деп жазылған хабарламада.

Осылайша, артық шығындар мен қиындықтарды болдырмау үшін салық бойынша берешек бар болған жағдайда салық пен өсімпұлды салық бұйрығын жеке сот орындаушыларына жібергенге дейін төлеуге (мамырдың үшінші он күндігіне дейін) кеңес беріледі.

Айта кетейік, салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы (AppStore, PlayMarket) арқылы тексеруге болады: e-Salyq Azamat→Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама