×

Орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өседі

Саладағы 13 мыңға жуық қызметкерге қосымша ақы тағайындалатын болады

 Динара Амантай 04.04.2023 | 14:19
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі

Елімізде 13 мыңға жуық орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өседі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, бүгінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы республика бойынша төмен ақылардың бірі болып саналады. Бұл мәселе мамандардың саладан кетуіне әкеп соқты.

Қостанай облысындағы болған қайғылы оқиға премьер-министрдің назарын орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын арттыру қажеттігіне аударды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлердің айлықтарына қосылатын үстемақы мөлшерін арттыра отырып, жалақы көтеру мәселесін қолдады.

Осыған орай, министрлік «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына түзетулер әзірледі және тиісті есептеулер жүргізді.

Орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту мәселесі 2023 жылғы 28 ақпанда республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралып, қолдау тапты. Осыған байланысты ҚР ҮК әзірленген жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісімдеуден өткеннен кейін Үкімет аппаратына жіберілетін болады.

Аталған жоба қабылдағаннан кейін 12 876 қызметкердің денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупімен байланысты қосымша ақы тағайындалатын болады.

Жобаны қабылдау, денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупімен байланысты жұмысы үшін 12 876 қызметкерге қосымша ақы тағайындалатын болады.

Орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы республикадағы ең төменгі деңгейде қалатынын ескере отырып, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында 2023 жылдан бастап жалақысына 100% мөлшерде денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупімен байланысты жұмысы үшін қосымша ақы белгілеу ұсынылды.

Жалақы мөлшері лауазымы мен еңбек өтіліне қарай 101-ден 320 мың теңгеге дейінгі мөлшерде болмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама