Президент «Allur компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы жергілікті инженерлердің және техникалық мамандардың біліктілігін арттырудың өзектілігін айтты
Президент «Allur компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысына компанияның машина жасау саласын дамыту, инженерлердің біліктілігін арттыру және шетелден инвестиция тарту жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Президентке бүгінде 6 мыңнан аса отандасымыз еңбек етіп жатқан өндіріс орындары мен компанияның перспективті жобалары туралы баяндалды. Мысалы, Қостанай қаласында оңтүстік кореялық Kia корпорациясымен бірлесіп, Kia автомобильдерін шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталады.
Сонымен қатар Андрей Лаврентьев білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Компания Қостанай автомобиль көлігі колледжінде техникалық мамандықтарды мемлекеттік тілде оқытатын курс ашқан. Оқу орындарымен студенттерді дуальді оқыту жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Allur жоғары инженерлік мектебі ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде отандық машина жасау саласын дамытудың маңыздылығын, жергілікті инженерлердің және техникалық мамандардың біліктілігін арттырудың өзекті екенін атап өтті.