Алматыда 52 адамды кене шаққан
Дәрігерлер қала тұрғындарын сақ болуға шақырады
Алматыда өткенде аптада 52 адамды кене шақты. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Қанат Тезекбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматыда күн жылынғалы кене шағып, медициналық көмекке жүгінген науқастардың саны артты. Өткен аптада ғана 52 науқас мамандардың көмегіне жүгінді. Оның 23-і бала. Көбінесе кене шағу жағдайлары қала маңы мен тау баурайында болды, - деді Қанат Тезекбаев өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.
Оның айутынша, кене энцефалиті – дене температурасының жоғарылауымен, интоксикация және жүйке жүйесінің зақымдануымен байқалатын қауіпті вирустық инфекция.
Қауіпті вирус денеге жабысқан кененің шағуы немесе ауру ешкі мен сиырдың шикі сүтін қолданудан да жұғуы мүмкін.
Денеге жабысып қалған кенені теріден алған кезде оның бізтұмсығының қалып қоймауын қадағалап, тез алып тастау керек. Мұны дәрігер істегені дұрыс. Егер дәрігерге бара алмасаңыз, пинцет пайдалануға болады. Кенені барынша жабысқан жерінен ұстау керек, пинцетті кененің тістеген жерінен перпендикуляр ұстап, асықпаңыз алыңыз, - деді Қанат Тезекбаев.
Кене негізінен құлақтың сырт жағы, мойын, бас, шынтақтың ішкі жағы, қолтық асты, іш, шап, жіліншіктің ішкі жақтары, тізеден шағады. Себебі, бұл жерлер жұмсақ болып келеді. Кененің шаққаны бірден білінбейді.
Көктемде және жазда кенелер адамға тәулік бойы қауіп төндіреді.
«Кене энцефалит вирусын жұқтырсаңыз, 3 күнде шұғыл профилактика жүргізу керек: дене салмағының 10 келесіне 1 мл дозада кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу немесе йодантипирин қабылдау қажет», - деді дәрігер.