Оралда балаларын сатқан ана ұсталды
Ол қылмысқа бірнеше рет барған
Оралда 2 баласын сатқан 31 жастағы әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Орал қаласында бала саудасымен айналысқан Қарақалпақстанның 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Жас әйелдің 2018 және 2019 жылы туған екі баласын сатқаны анықталған.
Бірінші дерек 2018 жылғы маусымда болды. Онда күдікті жаңа туған нәрестесін Атырау облысындағы отбасылық жұпқа заңсыз асырап алуға берген. Екінші факті 2022 жылғы желтоқсанда тіркелді. Жас әйел өзінің 3 жасар қызын 1 млн теңгеге Оралдағы отбасылық жұпқа сатқан, - деді Қанат Нұрмағамбетов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 135-бабы («Кәмелетке толмағандарды сату») бойынша тіркелді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде ерлі-зайыптылардың мүгедекке күштеп қайыр сұратқаны анықталған еді.