Halyq Uni логотип
×

«Донбаста фашизмге қарсы күрестім». Алматы сотында бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов сұрақтарға жауап берді

Игорь Дужнов 2014 жылы Луганскіде болғанын растады

 Айнұр Шошаева 07.04.2022 | 11:07
«Донбаста фашизмге қарсы күрестім». Алматы сотында бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов сұрақтарға жауап берді
Игорь Дужнов, фото: ашық дереккөзден

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бес адамды өлтірген Игорь Дужновқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Бүгін Игорь Дужнов сотта сөйлеп, 2014 жылы Луганскіде болғанын растады.

Мен әйеліме жазба қалдырдым, Донбасқа кететінімді ешкімге ескерткен жоқпын, - деді Дужнов сот барысында.

Ол шекараны заңсыз кесіп өтуді жоспарлағанын, бірақ соңғы сәтте шешімін өзгерткенін мойындады. «Донбаста фашизмге қарсы күрестім» деген Дужнов Минск келісіміне қол қойылған соң «миссиям орындалды» деген оймен Қазақстанға оралған. Тіпті, Дужнов Украинада жоғары лауазым ұсынылғанына қарамастан Қазақстанға келгенін айтты.

Сот отырысында жауап алынған Игорь Дужнов бес адамды қасақана өлтіру бойынша кінәсін мойындамайтынын, өзін-өзі қорғау шеңберінде әрекет еткенін, отбасын заңсыз кіріп кеткен адамдардан қорғауға тырысқанын айтты.

Сот барысында Игорь Дужнов басқа қойылған сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

29 наурызда бейнебайланыс арқылы сот отырысына қатысқан Игорь Дужнов көп сөйлемеді. Ол кінәсін ішінара немесе толық мойындау туралы сұраққа әзірге жауап бере алмайтынын айтып, әлі нақты бір шешімге келмегенін жеткізді.

2021 жылы 20 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және үйдің жаңа иесі мен оның өкіліне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты.

Алматыдағы атыс бойынша «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, оның атына қару 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте болмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама