«Элиталы үйлерді жалдаған». Астанада қылмыстық топ ұсталды

Дәурен Ерболат

Олар күніне 1 млн теңге пайда тапқан

Фото: newsmir.info

Елордада полиция қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Топтың құрамында 6 адам болған.

Олар 1 жыл бойы жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұстаумен айналысқан. Жүйелі табыс табу мақсатында күдіктілер астананың элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінен 3 пәтер жалдаған. Олар онда притондар ұйымдастырған, - деді Қанат Нұрмағамбетов ІІМ-де өткен брифингте.

Қылмыскерлер өз қызметін аса құпия ұстау үшін тұрғын үй кешенінің күзетшілерімен байланыс орнатып, полиция рейдтері туралы алдын ала хабарлауды ескерткен.

«Рейдтер жүріп жатқан жағдайда олар дереу жалдамалы пәтерлерден кетіп қалып отырған. Сондай-ақ клиенттердің пәтерлерге кіруі тек әкімшіге қоңырау шалу арқылы қамтамасыз етілді. Интимдік қызмет көрсетуге қажет қыздар массаж салондарында жұмыс істеу туралы таратылған жарнамалар арқылы таңдалған. Бірақ сұхбаттасу барысында оларға 50/50 (ақшаны бөлу) талаппен жезөкшелікпен айналысу ұсынылды», - деді басшы.

Келісім жасалғаннан кейін қыздарға күндізгі немесе түнгі кесте белгіленген. Осылайша, күдіктілер оларға үздіксіз жұмыс істетіп, тәулік бойы пайда тауып отырған.

Қылмыстық топ «бизнестен» орта есеппен күн сайын 1 млн теңге көлемінде пайда тапқан. Полиция интимдік қызмет көрсететін 11 адамды анықтады. Тінту барысында 20 мың доллар, 156 мың рубль және 720 еуро тәркіленді, - деді ол.

Қанат Нұрмағамбетов бұл дерек бойынша ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, притон ұстау және жеңгетайлық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.

Күдіктілер ұсталды. Екеуі қамауда отыр. Қалғандарына қатысты ешқайда кетпеу жөнінде қолхат жазу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, - деді басқарма басшысы.