Жолаушыларға сапасыз қызмет көрсеткен Атырау әуежайына айыппұл салынды
Компания кемшіліктерді уақытында жоймаған, ескертуді елемеген
Атырау әуежайы жолаушыларға сапасыз қызмет көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ жерүсті қызмет көрсету қызметтерінің (жұмыстарының) сапасын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде 2022 жылғы 27 желтоқсанда 2021 жылы инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша анықталған ескертулерді орындау және жою бойынша Атырау әуежайына жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізді.
Қорытынды тексеру барысында жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер ететін заңбұзушылықтар: жолаушыларға арналған лифтінің болмауы, жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету үшін шарттардың заңнамалық талаптарға сәйкес келмеуі анықталды.
Сондай-ақ 2021-2022 жылдарға арналған түзету іс-қимылдары жоспарының орындалмау фактісі анықталды.
Тексеру нәтижесі бойынша инспекторлық нұсқама жазылып, ескертулерді жоюға 1 ай уақыт беріліп, іс-қимыл жоспары жасалды.
Алайда ескерту берілгеніне қарамастан, олар жойылмаған. Сондықтан «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ-ға инспекторлық нұсқаманы орындамағаны және Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын сақтамағаны үшін 500 АЕК немесе 1 млн 725 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды, - деп жазылған хабарламада.