×

Атырау әкімдігіне үлескерлер жиналды: кооператив өкілдері жиын үстінде ұсталды

Үлескерлердің көбі пәтер үшін 10 млннан 25 млн теңгеге дейін төлеген

 Айнұр Асылбекқызы 07.04.2022 | 09:48
фото: Halyq Uni

Атырауда үлескерлер былтырдан бері пәтерлерінің кілтін ала алмай келеді. Жақында 150-ден астам үлескер мәселесін шешіп беруді сұрап қала әкімдігінің алдына жиналды. Дәл осы жиналыста аты дауға қалған «Жібек жолы» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы мен сол кооперативтің сату бөлімінің басшысын полиция ұстап әкетті. 

Аталмыш кооператив 2020 жылы құрылған. Оның үлескерлерінің көбі пәтер үшін 10 млннан 25 млн теңгеге дейін төлеген. Бірақ, келісілген мерзімде пәтерін ала алмай келеді. 

«Олардың бірнеше тұрғын үй-құрылыс кооперативі бар. Қызметкерлері әлі күнге дейін кеңседе отырып, акциялар мен жеңілдіктер туралы айтып, клиенттерді тартып отыр. Ал жаңа пәтерлердің кілтін табыстаймыз деген уәдеге сенген үлескерлер пәтер жалдап, туған-туыстардың үйін паналап жүр», - дейді үлескерлер.

Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамед Мүталиев бұл Атырауда кездесіп отырған үлескерлік құрылыс нарығындағы екінші алаяқтық жағдай екенін айтады. Былтыр қараша айында сотқа қаланың көрікті ауданы саналатын өзен жағалауында орналасқан тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне қатысты бірінші іс жолданған. Істі қарау әлі аяқталмаған.

«Сіздердің іс бойынша бізге 70-ке жуық арыз түсті. Біз сіздер көрсеткен есепшоттарды тексердік. Оларда ақша жоқ. Егер полицияға әлі арызданбағандар болса, қалалық полиция басқармасына немесе полиция департаментіне келіңіздер. Қазір «Жібек жолы» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің екі өкілін ұстаймыз. Олардың тағдырын тергеу соты шешеді. Яғни, тергеу абақтысына немесе үйқамаққа жіберуді...», – деді Мүталиев.

Полиция өкілінің аузынан шыққан «Кооператив өкілдерін ұстап әкету» туралы сөзді залда отырғандар қошеметпен қабылдады.

Кейін белгілі болғандай, былтыр 27 желтоқсанда Атырау қалалық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-тармағы 3-тармақшасымен («Екі немесе одан да көп тұлғалардық қатысуымен жасалған алаяқтық») тұрғын үй кооперативінің төрағасы Е. Сардарбеков пен сату бөлімінің бастығы А. Юсупованың үстінен сотқа дейінгі тергеу басталған екен. Олар да жиналысқа қатысты.    

Ал Атырау қалалық прокуратурасының қоғамдық мүддені қорғау бөлімінің бастығы Ерлан Какиев бұрын үлескерлерден ақшаны заңсыз алғаны үшін «Ақмаржан» мен «Нұрсая Плаза» тұрғын үй кооперативтері әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Оның айтуынша, қазір қаладағы басқа да осындай кооперативтердің әрекетінің заңдылығына талдау жүргізіліп жатыр.  

«Ал, облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы тарапынан тиісті бақылаудың болмағанына қатысты наразылықтарыңыз бойынша қазір осы органды тексеру жүріп жатыр. Қорытындысы дайын болған соң жауабы беріледі. Біз жиналыста қатысып отырған тұрғын үй кооперативінің басқа да өкілдеріне қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеміз», - деді Какиев.

Осы кезде үлескерлер қала әкімі Мейірім Қалауидан кооператив жұмысына қатысты жағдайды өз бақылауына алуды өтініп, әкімдік өкіліне олардың аманатын мықтап тапсыруды сұрады. Әкім оларға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығының орынбасары Фараб Қуанышқалиды таныстырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама