«Әблязовтар ұйымдастырды»: Петропавлда «үй ішінен үй тіккендер» үндеу жасады (ВИДЕО)
Бізге және жақындарымызға қауіп төніп тұр, - дейді
Петропавлда Қазақстаннан «тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасап, «Халық Кеңесі» құрылғанын жариялағандар елден арнайы видеоүндеу арқылы кешірім сұрады.
Еске сала кетсек, осы жағдайға қатысты Мәжіліс депутаттары қол жинап, Бас прокуратураға ашық хат жолдаған еді. Депутат Абзал Құспан Halyq Uni тілшісіне берген жауабында аталған жағдайды «сепаратистік әрекет» деп атады.
Содан кейін СҚО бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнеролик фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігімен (БАҚ-ты пайдалана отырып, адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл ретте облыстық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынған.
Аталған арандатушылық мәлімдемені Қазақстан халқы Ассамблеясы да айыптады.
Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, қауіпсіздігіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағытталған ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз, - деді ҚХА өкілдері.
Ал енді көпшіліктен кешірім сұраған сепаратистік пиғылдағы ұйымдастырушылар бұл процесті Мұхтар Әблязов және басқа да көптеген блогерлер жүргізгенін алға тартып отыр. Сөздері өздерін кінәлі сезінгеннен гөрі, «Әблязовтардың кесірінен халық адаса бастады» дегенге саяды.
«Бізге және жақындарымызға қауіп төніп тұр. ҰҚК қызметкерлері тәркілеген телефондарымызда барлық айғақ көшірмелері бар. Мүдделі тұлғалар осындай жағдайды елде алауыздықты қоздыру үшін арнайы пайдаланады», - делінген видеоүндеуде.