Қызылордада қатты жел шатырларды ұшырып, тұрғын үйлер электр жарығынсыз қалды
Бағаналар мен көше бойындағы ағаштар құлап, қолайсыздық туғызуда
Қызылорда облысында ауа райының қолайсыз болуына байланысты бірқатар аумақта электр желілері ажыратылған. Қазалы ауданында жылу мекемесінің мұржасы ұшып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қатты желдің әсерінен Қызылорда қаласында бірқатар тұрғын үй мен мекемелердің шатыры ұшып кеткен. Оған қоса облыстың кей бөлігі электр жарығынсыз қалды. Бағаналар мен көше бойындағы ағаштар құлап, қолайсыздық туғызуда. Бірнеше жерлерде электр жарығы сөнген.
«Осыған орай, КРЭК АҚ қоғамы зақым келген электр желілерін қалпына келтіру үшін барлық ауданға 160 адамнан тұратын 39 бригада жұмылдырды. Бүгінде 36 техника мен 10 арнайы техника жұмыс істеп жатыр», - деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ал Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі «Қазалы Теміржолжылу» мекемесі ғимаратының мұржасы ұшып кетті.
«Қолайсыз жағдайдан адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Осыған байланысты аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда жағдайды қалыпқа келтіру бойынша тиісті шараларды қолға алып, жедел әрекет ету міндеттелді. Оған арнайы техникалар жұмылдырылды», - деп жазылған аудан әкімдігі таратқан хабарламада.