Павлодарда фармацевт дәріні шатастырып алған: үш жасар бала уланды
Фармацевттің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Павлодар полициясына кішкентай баланың улану фактісі бойынша хабарлама түскен. Анықталғандай, қала тұрғыны Лермонтов көшесіндегі дәріханалардың бірінде дәрігер жазып берген рецепт бойынша 2019 жылы туған балаға дәрі-дәрмек сатып алған.
Дәрі қабылдағаннан кейін бала өзін нашар сезініп, құса бастаған. Сосын оның ата-анасы дереу жедел жәрдем шақырып, бала ауруханаға «антидепрессанттармен улану» диагнозымен жатқызылған.
Белгілі болғандай, фармацевт қателесіп, қала тұрғынына басқа дәрі сатқан.
Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 317-бабы («медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.