×

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 11 отбасы материалдық көмек алды

Комиссия үйлер мен аула аумақтарын тексеруді жалғастырып жатыр

 Динара Амантай 01.04.2023 | 09:14
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Ойыл ауданының Қаратал ауылында су тасқынынан зардап шеккен 11 отбасы материалдық көмек алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, кеше Ойыл ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қаратал ауылының тұрғындары үшін ауызашар берген.

Еске сала кетсек, 17 наурызда тасқын судың жоғары қысымы мен Ойыл өзені деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Ойыл ауданы Қаратал ауылының айналасындағы топырақтан қорғаныш үшін жасалған үйінді қысымға төтеп бере алмады. Соның салдарынан жағалауды су шайды. Елді мекенді су басу қаупіне байланысты тұрғындар Қаратал ауылдық мектебіне алдын ала көшіріліп, су шайған жағалаудағы аумақты қалпына келтіру шаралары жүргізілді. 17 наурызда Ойыл ауданы әкімдігінің қаулысымен табиғи апатқа байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы 30 жылда алғаш рет елді мекенге су келіп, 11 үй су астында қалды. Ауыл тұрғындары су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып, ауызбіршілік пен бірліктерін көрсетті. Мұндай сәттерде қолдау өте маңызды. Шұғыл қолға алынған шаралардың арқасында су деңгейі төмендеді, эвакуацияланған адамдардың сол күні-ақ үйлеріне оралуына мүмкіндіктері туды. Қазір су тасқынынан болған залалды бағалау жөніндегі комиссия үйлер мен аула аумақтарын тексеруді жалғастырып жатыр. Бірде-бір отбасы көмексіз қалмайтынына сендіргім келеді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов үш күн бойы төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қол ұшын созып, арнайы техника бөлген жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары Батырбек Телжанов пен Қуанышбек Сұлтанғалиевке ерекше алғысын білдірді. Оларға 500 мың теңге көлемінде сертификаттар мен алғыс хаттар табыстады.

Ауыл тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында Қараталда комиссия жұмысы аяқталмағанына қарамастан, облыс әкімі 11 отбасыға 500 мың теңгелік сертификаттарын табыс етті. Комиссия барлық ғимараттар мен құрылыстарды тексергеннен кейін келтірілген шығын көлемін сарапшылардың қорытындысына сәйкес зардап шеккендерге толық береді.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Сол-Илецк» тас жолының 165-ші шақырымында орналасқан Саралжын көпірінің жай-күйімен танысты. Көктемгі су тасқыны салдарынан көпірді су шайды. Облыс әкімі жол өткелін жедел қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ көпірдің тасқын сулардан бұзылмауы үшін қажетті шараларды қарастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама