БҚО-да жоғары шенді полицей қамауға алынды
Полиция қызметкері 110 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінді.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командиріне қатысты қылмыстық іс тергелуде.
«Полиция қызметкері Ресейден келген астық тиелген жүк көліктерінің Орал қаласы аумағында артық салмақпен кедергісіз жүріп-тұрғаны және жалпы қамқорлық көрсеткені үшін Т. деген азаматтан 110 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес таратуға жатпайды», – деп хабарлады ведомство.