Елордада ұлттық спорт қалай дамып жатыр
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Астанада 200-ден астам спортшы ат спорты түрлерімен айналысады екен. Қалақұрамасы көкпар мен конкурдан Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының чемпиондары атанып, талай мәрте жүлдегер болып жүр. Бас қаладағы ұлттық спорт түрлерінің соңғы жылдары қарқынды дамуына өзіндік себептері бар.
Мысалы, былтырдың өзінде елордада ат спорты түрлерінен 10-нан астам қалалық және республикалық жарыстар өткізілген. Биыл да Астананың 25 жылдығына орай шілденің 5-10-ы аралығында Аламан бәйге, одан бөлек, садақ атудан Азия чемпионатын өткізу көзделіп отыр. «Қазанат» ипподромында болатын бәйгеде еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам жүйрік қатысады деп жоспарланған. Олар үшін бәйгеге жалпы жүлде қоры – 30 000 000 теңге тігілген.
Ал «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтетін садақ ату жарысына 11 ел қатыспақшы. Түркия, Ресей, Малайзия, Индонезия, Өзбекстан, Қырғызстан, Катар, Сауд Арабиясы, Қытай, Моңғолия елдерімен бірге, өз елімізден де барлығы 200-ден астам кәсіби спортшы қатыспақ. Мергендер «Жамбы» нысанасы, «Пута» нысанасы, «Қырғыз» нысанасы, «Қазақ» нысанасы форматында және финалдық ойындар форматында бақ сынайды.
Айта кетерлігі, бас қалада соңғы уақыттары ұлттық спорттың «Аударыспақ» түрі де белсенді қолға алына бастаған. «Аударыспақ» федерациясының атқарушы директоры Сұлтан Хандуллаевтың айтуынша, жазға дейін Астанада циркінде жарыс өткізу жоспарланып отыр. Оның үстіне, қазір федерация қайта жасақталып, әр өңірде филиал ашылып жатыр. Соған сай, Астанада да жақын арада өкіл тағайындалып, жұмыс бастамақшы. Оның бәрі бірер айда біту керек.
Жалпы, Астана өкілдері біздің жарыстарымызға белсенді қатысып отырады. Наурыздың басында бірінші съезд өткен. Сонда елорда өкілдері де бас жаттықтырушысымен бірге болды. Өткенде Шымкентте өткен Азия кубогында да бас қала өкілдері қатысты, – дейді Сұлтан Хандуллаев.
Осы орайда, 2022 жылдың қазанында «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенін ерекше атап өту керек. Ол қала шетінде, «Қазанат» ипподромының жанында, Қарқаралы тас жолының бойында орналасқан. Қала сыртында болғанымен, орталықтан 15-20 минуттық жол. Халықаралық Ат спорты федерациясының (FEI) талаптарын ескере отырып салынған спорт кешеннің бір ерекшелігі емдеу-оңалту кешені де бар. Онда емдік атқа міну, яғни иппотерапия қарастырылған. Жалпы, иппотерапия балалар мен ерекше күтімді қажет ететін кішкентайлар үшін денсаулығын нығайтып, психоэмоционалды жағдайын жақсартуға көп көмектеседі.
Елордада осы күні 7 мыңнан астам мүгедек бала бар десек, олардың мыңға жуығына денсаулық жағдайы бойынша және қойылған диагнозына сәйкес емнің осы түрімен айналысу қажет екен.
Одан бөлек, толыққанды демалыс үшін кешен құрамында спорттық-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырып өткізуге де болады. Мәселен, қазір ат спорты бойынша үйірмелер ашу қолға алынған. Сонымен қатар, туристік бағыттар ұйымдастырып, ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салынбақ.
Айта кетейік, наурыздың басында ғана аталған спорт кешенінде Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыздар арасында алғаш рет конкурдан ашық біріншілік өткен еді. Онда Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарынан жалпы саны 75-ке тарта шабандоз аруларымыз бақ сынады.