×

Абай және ШҚО облыстарына қандай елдімекендер берілетіні белгілі болды

Облыстық мәслихаттың қаулысы ҚР үкіметіне жолданады

 Ербол Тұрымбет 06.04.2022 | 15:39
Семей қаласы, фото: ашық дереккөзден

Өскемен қаласында облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясы өтіп, арнайы құрылған комиссия жаңа аймақтардың шекарасын нақтылады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту барысында Тарбағатай ауданының құрамынан - Ақсуат және Тарбағатай аудандарын, ал Көкпекті ауданының құрамынан - Самар және Көкпекті аудандарын бөлу жолымен жаңа аудандар құру туралы шешім қабылданып отыр.

ШҚО облысының аумағы 97,8 мың шаршы метр болады: құрамында 9 аудан және 2 қала (Өскемен, Риддер) қалса, Абай облысының аумағы 185,5 мың шаршы метрді құрайды: құрамына 8 аудан және 2 қала (Семей және Курчатов) кіреді.

Атап айтқанда, ШҚО аумағында Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары болады.

Абай облысында: Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде тағы үш облыс құру жоспарланған. Бұл туралы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді. Үш жаңа өңірдің ішіне бұрынғы Семей облысы да кіріп отыр.

Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған, – деді Президент жолдауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама