«АрселорМиттал Теміртаудағы» апат: кәсіпорында тексеріс жүріп жатыр

Дәурен Ерболат

Өндірістегі жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаған 26 басшы анықталды

Фото: Sputnik

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«2022 жылғы 3 қарашада Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі Ленин атындағы шахтада апат болды. Онда газдың кенеттен тарауы салдарынан 5 қызметкер қаза тапты. Тергеу нәтижесінде үкіметтік комиссия жазатайым оқиғаға «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 100% кінәлі екенін анықтады. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзуға жол берген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 26 лауазымды тұлғасын анықтады», - деді Төлеген Оспанқұлов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бүгінде кәсіпорынның жұмысын шетелдік мамандар тексеріп жатқанын атап өтті.

Президент аталған ұйымды кешенді түрде тексеруге тапсырма берген. Бұл жұмысты біз Бас прокуратурамен бірлесіп бастадық. Бүгінде жұмыс тоқтап тұр. Себебі бұл жұмысқа халықаралық ұйымның сарапшылары (Cuirts, Mallet-Pervost, Colt & Mosle LLP заң компаниялары) тартылды. Қазір олар «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның жұмысын тексеріп жатыр. Осы жұмыс біткенде біз бірлесіп, аталған компанияға шара қолдану үшін шешім қабылдаймыз, - деді бас еңбек инспекторы.

Айта кетейік, былтыр еңбек қауіпсіздігі саласы бойынша 119 басшы қызметінен босатылған.