×

Қазақстанға шикі қант баж салығынсыз жеткізіледі

Бұл дайын өнімнің бағасына оң әсер етеді

 Дәурен Ерболат 31.03.2023 | 10:58
Фото: gov.kz

Биыл 30 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің отырысында қатысушылар Қазақстанға шикі қантты баж салығынсыз әкелу ұсынысын қолдады, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Тарифтік жеңілдіктің арқасында отандық қант зауыттары өз қуаттылығын жүктеу үшін баж салығын төлемей, шикізат сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл дайын өнімнің бағасына оң әсер етеді.

Онлайн өткен жиында қазақстандық тарапты премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғарин басқарды.

Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қазақстандық нарықтың 90%-ына қант көрші елдерден жеткізіледі әрі өнімді жеткізу мәселесі түрлі факторларға ұшырайды және тұрақсыз. Сондықтан еліміз өзінің қант өнеркәсібін дамыту туралы шешім қабылдады. Қазір өз шикізатымыздың болмауына байланысты Қазақстанға үшінші елдерден шикізат жеткізу керек, - деді Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

ЕЭК кеңесінде бекітілген шикізатты баж салығынсыз әкелуге арналған тарифтік квота биыл 9 айда 350 мың тонна болады. Тараптар күзде осы мәселені қайта талқылап, квота көлемін қайта қарауға уағдаласты.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанда қант зауыттары 283 мың тонна қант (33 мың тонна қызылша, 249,9 мың тонна қант құрағы) өндірді. Зауыттардың жүктемесі 50% болды. 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 51,5 мың тонна қант өндіріліп, оның 40,4 мың тоннасы импортталды.

Бүгінде «Айналым схемасы» аясында облыс әкімдіктері қант зауыттарына шикізатты уақтылы сатып алу, ішкі тұтыну үшін жеткілікті көлемде және тұрақты бағамен қант өндіру үшін 18 млрд теңге бөлінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама