Ақмола облысында төтенше жағдай қызметкерлері сотталды

Дәурен Ерболат

Олар кәсіпкерлерден ақша талап еткен

Фото: Halyq Uni

Көкшетауда төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері сотталды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Қалалық соттың үкімімен Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Т. және К. алаяқтық жасауға оқталғаны үшін сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Әрқайсысына 3 млн теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ олар аға лейтенант және азаматтық қорғаныс капитаны арнайы атағынан айырылды.

ТЖБ аға инженерлері Т. және К. қолында тиісті материалдары болмаса да қоқыс өртенгенде оқиға орнына бармай, компания басшысына әкімшілік жазаның айыппұл сомасының жартысын оларға берген жағдайда жауапкершіліктен құтылуды ұсынған. ЖШС басшысы қызметкерлердің әрекеті заңсыз екенін түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. Нәтижесінде олар 200 мың теңге алған кезде ұсталды. Осылайша, Т. және К. ауыр дәрежеде (Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі) алаяқтық жасаған, - деп жазылған хабарламада.

Сотталғандар өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Олардың кінәсі куәгерлердің, жәбірленушінің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды. Жәбірленушіге келтірілген залал толық өтелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.